TikTok LogoTikTok Logo
Жасөспірімдердің қауіпсіздігі және әл-ауқаты

Жасөспірімдердің қауіпсіздігі және әл-ауқаты

17 сәуір 2024 ж.шығарылды

17 мамыр 2024 ж.бастап күшіне енеді

TikTok-тың 18 жасқа толмаған пайдаланушыларға (біз оларды «жасөспірімдер» немесе «жас балалар» деп атаймыз) қауіпсіз әрі оңтайлы тәжірибе беруі біздің мүддемізде. Сондықтан TikTok-ты пайдалану үшін белгілі бір жасқа жету керек. Аккаунт ашу үшін 13 жасқа толған болуыңыз керек. Сондай-ақ кейбір аймақтарда жергілікті заңнама негізінде қосымша жас шектеулері қолданылады.

АҚШ-та қолжетімді 13 жасқа толмаған пайдаланушыларға арналған TikTok интерфейсі қосымша қауіпсіздік шараларын, соның ішінде шектеулі өзара әрекеттесу функцияларын, Common Sense Networks компаниясы тарапынан контентке жүргізілетін жарамдылық бағалауларын және арнайы Құпиялылық саясатын ұсынады. АҚШ-та 13-ке толмаған пайдаланушылар туған күнін көрсетіп, жаңа аккаунт жасаған кезде, бұл интерфейске автоматты түрде ауыстырылады.

TikTok-та минималды жасқа жетпейтін пайдаланушылардың аккаунттары анықталса, мұндай аккаунттар бұғатталады. Егер аккаунтыңыз қате бұғатталды деп есептесеңіз, апелляция жіберуіңізге болады. Егер қандай да бір аккаунт иесі минималды жасқа толмаған деген күдік болса, ол туралы қолданба ішінде немесе онлайн түрде хабарлауға болады.

Жас балаларға психологиялық немесе физикалық қауіп төндіретін, сондай-ақ дамуына зиян келтіретін контентке тыйым салынады. Егер аккаунт иесінің өрескел бұзушылық жасағаны анықталса немесе жас балаға қарсы сексуалды қылмыс жасаған болса, біз мұндай аккаунтты, сондай-ақ ол адамға тиесілі барлық басқа аккаунттарды бұғаттаймыз. Біз жасөспірімдерге қатысты жыныстық зорлық-зомбылық және эксплуатация жағдайлары туралы Жоғалған және эксплуатациядағы балаларға арналған ұлттық орталыққа (NCMEC — National Center for Missing and Exploited Children) хабарлаймыз. Сондай-ақ біз адамның өміріне нақты, шынайы және тікелей қауіп төнген немесе ауыр физикалық жарақат туындаған жағдайда тиісті құқық қорғау органдарына хабарлаймыз.

Жас балаларға өзін-өзі зерттеуге арналған қауіпсіз әрі жасына сай кеңістікті қамтамасыз ету үшін біз бірнеше қадамдарды жасаймыз. Олардың қатарына мыналар кіреді:

  • Белгілі бір өнім мүмкіндіктеріне қол жеткізу үшін минималды жасқа қатысты талаптарды орнату (мысалы, контент «Ұсыныстар» арнасында көрсетуге жарамды болуы үшін, пайдаланушы 16 жасқа толған болуы керек)
  • Шектеуші әдепкі құпиялылық реттеулерін пайдалану
  • 18 жасқа толмаған пайдаланушылар үшін жарамды болмауы мүмкін контентті шектеу мақсатында контент деңгейлерін әзірлеу және контентті сүзгілеу опцияларын ұсыну

TikTok құралдары, басқару элементтері және білім беретін контент туралы толығырақ ақпаратты Жастар порталы мен Қамқоршыларға арналған нұсқаулықтан алуға болады.

Біздің платформада контенттің кең ауқымына рұқсат етіледі, бірақ оның кейбірі тек ересектер үшін қолжетімді болады. Төменде жас аудитория үшін контенттің шектелуіне қатысты «қысқаша жиынтық нұсқаулық» берілген.

ШЕКТЕУЛІ (18 жастан асқан пайдаланушылар үшін)

Тамақтану үлгісінің бұзылуы және денені қабылдау

  • Салмақты түзетуге қатысты зиянды болуы мүмкін мінез-құлықты сипаттау, насихаттау, оны үйретуді ұсыну немесе сұрау, соның ішінде:
    • Шектеулі төмен калориялы диеталар, мысалы, ұзақ мерзімді интервалдық ашығу
    • Салмақ тастау немесе бұлшықет жинау үшін дәрі-дәрмектерді немесе биологиялық белсенді қоспаларды (мысалы, анаболикалық стероидтер) пайдалану
    • Салмақты жылдам әрі елеулі түрде тастауға арналған жаттығулар (мысалы, бір апта ішінде беліңіз қылдай болады деген уәде беретін кардиожаттығулар)
  • Салмақ тастауға немесе бұлшықет жинауға көмектесетін өнімдерді жарнамалау (мысалы, «дейінгі» және «кейінгі» трансформацияларды бөлісу)
  • Салмақты түзетуге қатысты зиянды болуы мүмкін мінез-құлықпен байланысты дене бітімінің түрлерін мінсіз немесе ойдағыдай етіп көрсету
  • Қауіп-қатер туралы ескертулері жоқ пластикалық операцияны, соның ішінде «дейін» және «кейін» кескіндерін, хирургиялық процедуралардың видеоларын және жоспарлы пластикалық операцияны талқылайтын хабарларды көрсету немесе насихаттау

Қауіпті іс-әрекеттер мен челлендждер

  • Көрінетін немесе тікелей орташа физикалық зақым келтіретін іс-әрекеттерді көрсету немесе орташа физикалық зақымға алып келуі мүмкін іс-әрекеттерді насихаттау
  • Қайталауға шақыратын және физикалық зақымға алып келетін іс-әрекеттерді көрсету

Жалаңаш дене және жалаңаштану

  • Ересектердің жартылай жалаңаш денесін көрсету (мысалы, тек омырау ұшына жапсырма тағу немесе бөксенің көп бөлігін жауып тұрмайтын іш киім кию)

Сексуалды сипаттағы контент

  • Ересектердің интимдік сүйісуге, сексуалды кадрларға немесе сексуалды мінез-құлыққа қатысуын көрсету
  • Интимдік тауарларды көрсету

Түршіктіретін және қолайсыз контент

  • Адам немесе жануардың қанын көрсету
  • Қатыгез физикалық күресті көрсету
  • Көру қоғам мүддесінде болатын оқиғалардың қолайсыз немесе үрейлі болуы мүмкін кадрларын (мысалы, құқық қорғау органдарымен қақтығыстар немесе бомбалау немесе дүлей апаттардың салдарлары) көрсету

Құмар ойындар

  • Құмар ойындарды немесе құмар ойындарға ұқсайтын іс-әрекеттерді (мысалы, біреудің құмар ойын ойнап жатқанын түсіру немесе құмар ойындар туралы жалпы позитивті мәлімдемелер жасау) көрсету немесе мадақтау

Алкоголь, темекі және есірткі

  • Есірткіні немесе басқа реттелетін заттарды талқылау (заттар пайдаланылмаса немесе көрсетілмесе)
  • Ересектердің алкогольді тым артық мөлшерде тұтынуын көрсету
  • Темекі өнімдерін насихаттау
  • Ересектердің темекі өнімдерін тұтынуын көрсету
  • Алкогольдік өнімдерді насихаттау

Қосымша ақпарат

Салмақты зиянды болуы мүмкін әдістермен түзету дегеніміз салмақты тез немесе бірден тастау үшін пайдаланылатын және ұзақ мерзімді болашақта денсаулыққа немесе әл-ауқатқа қауіп төндіруі мүмкін диеталар, дәрі-дәрмектер немесе жаттығуларды білдіреді.

Орташа физикалық зақым — кәсіби медициналық көмекті қажет ете қоймайтын және мүгедектік немесе кемістік қаупін төндірмейтін зақым. Оған минималды қан жоғалтуы орын алған шағын тіліктер және денедегі кішігірім көгерген жерлер кіреді.

Жартылай жалаңаштық дегеніміз дененің көп бөлігінің киімсіз және жалаңаш сияқты (бірақ шын мәнінде жалаңаш емес) болып көрсетілуін білдіреді (мысалы, жасырын жалаңаштық немесе дененің интимдік бөліктерін сәл ғана жауып тұратын киімдерді кию).

Интимдік дене бөліктері жыныс мүшелерін, бөксені және омырауды (омырау ұшы мен ареоламен қоса) білдіреді.

Интимдік сүйісу жыныстық қозу немесе жыныстық қатынастың басталу белгілері бар сүйісуді білдіреді.

Сексуалды кадрлар жабық интимдік дене бөліктерін видеоға түсіру, өңдеу немесе камера алдында денені түрлі позада көрсету арқылы арнайы назар аудартатын контентті білдіреді.

Сексуалды мінез-құлық жыныстық қозуды көздейтін мінез-құлықты, соның ішінде интимдік дене бөліктеріне назар аудартатын және жыныстық қатынасты имитациялайтын көріністерді немесе қайталамалы дене қозғалыстарын білдіреді.

Интимдік тауар жыныстық ләззат алу үшін пайдалануға арналған зат немесе құрылғыны (мысалы, секс ойыншық) білдіреді.

Құмар ойындар — қаржылық пайда табу мақсатында нәтижесі белгісіз оқиғаға ақшаны (соның ішінде биткоин сияқты цифрлық валюталар) немесе ақшалай құндылығы бар өзге нәрселерді тігу.

Құмар ойындарға ұқсайтын іс-әрекеттер құмар ойындар деңгейіне жетпейтін, бірақ әсері мен қауіптері жағынан соларға ұқсайтын іс-әрекеттерді білдіреді (мысалы, әлеуметтік казинолар және құмар ойындарға қатысты бағдарламалық жасақтама).

Темекі өнімдеріне вейпинг өнімдері, түтінсіз немесе дәстүрлі темекі өнімдері, синтетикалық никотин өнімдері, электронды сигареттер және никотинді жеткізудің басқа да электронды жүйелері жатады.

Реттелетін заттарға рецепт бойынша берілетін дәрі-дәрмектер, рецептсіз берілетін дәрі-дәрмектер, сығымдалған ауасы бар баллондар (азот тотығы) және нитритті попперстер жатады.